Burbn-нан Instagram-ға дейін: танымал желінің пайда болу тарихы

17:42, 19 тамыз 2019
579

Биыл әлем халқы өз өмірін бұл әлеуметтік желісіз елестете алмайтын Instagram-ның пайда болғанына 9 жыл толады. Күнделікті оқиғаларыңызбен бөлісіп, фото жүктеп, тіпті ақша табатын желінің тарихына үңіліп көрдіңіз бе? 7kun.kz оқырмандарына тағы бір брендтің тың тарихын ақтарады.

Кевин 1983 жылы желтоқсан айында Массачусет Холлистонда дүниеге келген. Ол бала кезінен компьютерлік бағдарламалар жазумен, экономикамен және суретке түсірумен айналысады. Ата-анасы ауқатты болғандықтан, баласының дарынын дамыту үшін жылына 46 мың доллар төлеп, Мидлсекса жекеменшік мектебіне оқуға береді. Ал колледжге түсу уақыты келгенде, Кевин Стэнфорд университетін таңдайды. Оның таңдауы дүрыс екені белгілі еді, себебі Стэнфордтағы техникалық мамандықтардың тізімі мен Кремний алқабымен берік байланыс бұл оқу орнының мәртебесін көтеретін. Систром Computer Science бағдарламасы бойынша оқуды бастайды, бірақ кейіннен Management Science and Engineering-ға ауысты, себебі CS шеңберіндегі курстар өте академиялық болып көрінеді, ал MS-да қолданбалы пәндерге баса назар аударылды.

Сабақтан бос уақытында ол сайттар құрастырды, мысалы, Craigslist аналогы және Photobox фотохостингі. Сондай-ақ, Кевинді фото мен дизайн қызықтырды, қажет болса, тамаша презентациялар жасайтын. Үшінші курста ол Флоренцияға фотографиялық шеберлікті үйренуге барды. Nikon SLR моделімен барған Систромның фотоаппаратын оқытушысы Holga-ға алмастырады. Міне осы кезде, Кевин нашар фотоны қалай керемет шығаруға болатынын көреді. Оқытушы оған химикаттар қосу арқылы фотосуреттерге әртүрлі қосымша эффектілерді «қолдануға» үйретеді.

Флоренциядан алған білімінен кейін Систром бірден Mayfield Fellows беделді бағдарламасына қатысуға өтініш берді. Ол жерге Калифорнияның беделді университеттерінен 12 қатысушыны іріктеп алатын болған. Осылайша Кевин 2005 жылы алғаш рет стартаптар әлеміне тап болды.

Mayfield Fellows-ға қатысу Odeo Inc-те 4 айлық тәжірибеден өтумен жалғасады. Кевин өзінің осы жерде «көзі ашылғанын» жиі айтады.

2005 жылы студент Кевин алғаш рет Марк Цукербергпен бірге тамақтанады. Марк оған Facebook үшін фотосервис жасау үшін Стэнфордтың соңғы курсынан кетуді ұсынады. Систром одан бас тартады. Бұдан кейін де олар бірнеше рет кездеседі — Кевин Пало-Альтодағы Caffé del Doge кафесінде барсита болып істеп жүреді, ал Марк кофе ішуге келіп тұрады.

Систром: «Стартаппен ақша табу идеясы мені ешқашан қызықтырған емес. Мен Стэнфордты бітіргім келді. Шындығында, бұл өте жақсы мәміле болатынын түсіндім. Бірақ жағдайдың қалай болатынын ешқашан білмейсіз. Маған өзімнің қолымнан не келетіні қызық болды».

2006 жылы Кевин диплом алды. Стэнфордтың жұмыспен қамту қызметі оны алты таңбалы жалақысы бар Майкрософтқа жұмысқа орналастыруға дайын болды. Бірақ ол жылына 60 мың долларлық жалақымен Google-ді таңдайды. Үш жыл ішінде ол Gmail, Google Calendar, Docs және Spreadsheets-те маркетолог ретінде жұмыс істейді.

Алпауыт компаниядағы қызмет Кевиннің әлеуметтік медиа саласымен айналысу туралы арманына тосқауыл бола алмады. 2009 жылдың қаңтарында ол тәуекелге бел байлап, Nextstop стартапына (2010 жылы Facebook жұтылған) продакт-менеджер ретінде кіреді. Google-дің бұрынғы қызметкерлері құрастырған қосымша пайдаланушыларға саяхаттарға қатысты ұсыныстар берді. Мұнда Систром өзінің қалаған ісімен айналысуға мүмкіндік алды.

Nextstop-та Кевин кәсіпкер болғысы келетінін түсінеді. Фотоға деген қызығушылығын өз пайдасына жаратуға шешім қабылдайды.

Осылайша, инстаграмның пайда болу тарихы басталады. Жұмыстан бос және бос емес уақытта Кевин ескі тақырыпты дамытуға шешім қабылдады, ол «фотосуреттерді жариялау үшін сайт жасау» еді. Жобаға өзінің сүйікті сусынының атауын береді — «Burbn». Систром енді оған қаржылық қолдау көрсететін адамдарды іздейді. Madrone Art Bar венчурлық капиталистердің кездесуінде инвестор табады. Демеуші 25 млн доллар көлемінде ақша беруге келіседі, бірақ жобада екі серіктес болуы керек деген шарт қояды. Кевин болашақ серіктесін тез-ақ табады. Ол өзі оқыған Стэнфордтың түлегі Майк Кригер еді. Майк та өзінің идеяларын жүзеге асырумен айналысатын, қарым-қатынас жасауға арналған Meebo сайтында жұмыс істеді. Систромның ұсынысынан кейін Кригер жұмыстан шығып, Burbn-нің техникалық директоры болады.

Көп уақыт өтпей Burbn-нің ұзаққа бармайтыны белгілі болады. Осыдан кейін серіктестер әлеуметтік желі, оның ішінде смартфондарға арналған қоғымша жасау керек деген шешім қабылдайды.

«Burbn көбісіне ұнады, тіпті оның ерекше жанкүйерлері пайда болды, бірақ қолданба танымал бола алмады. Біздің не істеп жатқанымызды түсіндіруге бағытталған барлық әрекеттеріміз сәтсіз аяқталды, сондықтан біз 1000 пайдаланушыны қиындықпен тарттық», — деп еске алды Систром.

Екі апта бойы әзірлеушілер фотоқосымшаның жобасын дайындаумен айналысады, кейін оған Codename деген атау береді. Кригер iOS үшін клиенттік қосымшаны, ал Систром серверлік бөлігін жасады. Алайда, соңында пайда болған нәрсе екі стартаперге де ұнаған жоқ. Міне, осы кезде Систромның есіне Николь айтқан ломо-камерамен флорентиялық тәжірибе түседі.

2010 жылдың жазында Instagram-ның негізін қалаушы Кевин Систром өзінің жаңалығын дамытудың түрлі тәсілдерін іздеп, дем алуға да уақыт таппайды. Дегенмен сүйіктісі Николь Шутцке берген уәдесін орындау үшін Систром Мексиканың Тодос-Сантос ауылына саяхат ұйымдастырады. Кешкі серуен кезінде Николь күтпеген жерден Кевинге оның ойлап тапқан қосымшасын пайдаланғысы келмейтінін айтады. Себебін әдемі фотолардың шықпауымен түсіндіріп, оларды ортақ досының суреттерімен салыстырады. Систром қызына: «Сен оның суреттерінің неге керемет шығатынын білесің ғой?», — дейді. Николь досының табиғатынан жақсы фотограф екенін баса айтады. «Жоқ, ол фотоларды сүзгіден (фильтрден) өткізеді», — дейді Кевин. «Онда жігіттер, сендерге де фильтр керек», — деп Николь әңгімені тоқтады. Міне, сол кезде Кевиннің ойына керемет идея келеді. Ал екі жылдан кейін бұл ретроспективті идея Систромды мультимиллионерге айналдырады.

Instagram-ға арналған бірінші фильтр X-Pro II болды. Кейін Hefe және Toaster пайда болды. Барлығы 30-ға жуық фильтр жасалды, оның ішінде 11-і қосымшаға енді (қазір олардың саны видеофильтрлермен қосқанда — 39).

Жұмыстарды толық аяқтағаннан кейін алты апта өткен соң, олар қосымшаны достарына бета-тестілеуге берді, қателерді түзеді және Instagram-ды іске қосуға дайындады.

Ең танымал белгішелердің бірі — Instagram белгішесі Apple App Store-нің басты бетіне қосымшаны қоюға шешім қабылдаған кезде 45 минут ішінде салынған. Себебі, бір сағаттың ішінде иконка дайын болмаған жағдайда, Instagram App Store-дің басты бетіне шығу мүмкіндігін жоғалтатын. Кевиннің өтінішімен кәсіби фотограф әрі дизайнер Коул Райс логотипті жасайды.

Бір сағатқа жетпейтін уақытта Райс иконка үлгісін жібереді. Bell & Howell камерасында екі линза бар, сондықтан Райс олардың біреуін бейне іздегішке айналдырды. Сондай-ақ камераның сол жағына INST аббревиатурасы бар кемпірқосақты қосады.

Instagram App Store-ға 2010 жылдың 6 қазанында түн ортасында жүктеледі. Таңертең New York Times Bits Blog және TechCrunch жаңа өнім туралы хабарлама жариялады. Серверге айтарлықтай күш түсті — Систром және Кригер қосымшаның жұмысқа қабілеттілігін қолдау үшін 24 сағат үзіліссіз жұмыс істеді.

Бірінші күні 25 мың iPhone қолданушысы тегін қосымшаны жүктеді. Instagram фотосуреттерді алмасу үшін ең жақсы тегін қосымша болды. Бір аптадан кейін пайдаланушылар саны 100 мыңға жетті, желтоқсан айының ортасына қарай бір миллион болды және Apple Instagram-ды «iPhone-ға арналған жыл қосымшасы» деп атады.

2012 жылдың сәуірінде Instagram-ды 30 млн iOS иесі пайдаланды. Ал Android-та пайда болған алғашқы күні қосымшаны 1 млн адам жүктеді.

Instagram іске қосылғаннан кейін Цукерберг «философия» туралы сөйлесуге Пало-Альтоға кешкі асқа Систромды бірнеше рет шақырды. Күн санап ауқымы кеңейіп келе жатқан қосымша Facebook-ке бәсекелес болады деген қауіп Маркті алаңдатқаны анық еді. Осылайша, Цукерберг Кевинмен бірнеше рет жүздесіп, бірнеше мәмілер туралы келіссөз жүргізгеннен кейін, 2012 жылдың сәуірінде Facebook Instagram-ды 1 млрд долларға сатып алды. 300 млн доллары ақшалай, ал қалған сома Фейсбук акцияларымен берілді. Кевин Систром мен Майк Кригер бір сәтте нағыз мультимиллионерлерге айналды.

Instagram Facebook-тен инфрақұрылым, менеджмент және қаржы түрінде қолдау алды және қосымшаны дамытуға шоғырланды. Instagram командасы Facebook кеңсесіне ауысады.

Жұмыс сәтті жүргенімен басшылықта келіспеушіліктер пайда болады. Instagram тарихындағы ең ірі жанжал 2012 жылдың желтоқсанында орын алды, бұл кезде сервис қызмет көрсету шарттарын жаңартты, қолданушының фотосуреттерін ескертусіз немесе өтемсіз үшінші тұлғаларға сату құқығын енгізді. Нәтижесінде қосымшаны әзірлеушілер Instagram қолданушылардың 25%-ын жоғалтқанын, күнделікті трафик 16 миллионнан 12 миллионға дейін азайғанын көреді. Осыдан кейін Систром мен Кригер Фейсбук басшыларымен келісіп, қосымшаның ескі шарттарын қайтарады. Қосымшаға жаңа функциялар қосылды.

2015 жылы қыркүйекте Instagram қолданушылар аккаунтында пайда болатын 30 секундтық жарнамалық роликтің моделін ұсынды. Осыдан кейін 2016 жылдың бірінші тоқсанында Facebook-тің барлық түсіміндегі Instagram жарнамалық түсімінің үлесі 573 млн долларға жетіп, 10%-дан асты.

Осылайша, Instagram мыңдаған пайдаланушылар үшін табыс көзі болды және коммуникация әлемін өзгертті — қазір атақты адамдардан бастап шағын бизнес иелеріне дейін барлығы дерлік (2016 жылдың қыркүйегінде сервис 500 мың белсенді жарнама берушілерді тартады деп жариялады) өздері және өнімдері туралы ақпаратты таратады.

Қазір Facebook толығымен Instagram-ның дамуымен айналысады. Ал Кевин Систром мен Майк Кригер компаниядан кетті.

Марк Цукербергтің Instagram-ды сатып алудан ұтылмағаны анық. Шағын фотосурет қосымшасы жыл сайын Facebook кірісінің басым бөлігін құрайтын әлемдегі ең үлкен фотосервиске айналды.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!