«БТА Банкі» АҚ өтінішімен Ильяс Храпуновқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

16:51, 22 қараша 2019
536

Алматы. 22 қараша. 7kun.kz — Женева прокуратурасы Ильяс Храпуновқа қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Оған БТА Банктен ұрланған қаражаттардың ізін жасырды деген айып тағылды. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Сонымен қатар, БТА Банкі Ильяс Храпуновтан берешекті өндіріп алу процедурасын бастады. Ол Храпуновтың Швейцария, Люксембург, Бельгия мен Лихтенштейндегі мүліктерін іздеу және оларға тыйым салу процедурасын қамтиды. Бұл әрекеттер Лондонның Жоғарғы Сотының  2018 жылғы 21 маусымдағы шешімдері негізінде және Еуропалық Одақ елдері арасында жасалған халықаралық келісімдерге сәйкес жүзеге асырылады. Жоғарғы Сот шешіміне сәйкес Ильяс Храпунов БТА Банкіне 500 млн доллардан астам қаражатты қайтаруға міндетті.

«2019 жылғы 29 тамызда Женева қаласының бірінші инстанциялы Азаматтық соты Ильяс Храпуновтың өндірісті тоқтату және Жоғарғы Соттың 2018 жылғы 21 маусымдағы «Ильяс Храпуновтың БТА Банкіне 500 млн АҚШ долларынан астам қаражатты қайтаруы туралы» шешімдерінің күшін жою туралы өтінішін қабылдамады. Сот И.Храпуновтың өзінің қайын атасы Мұхтар Әбілязовқа банктің ұрланған қаражаттарын жасыруға ықпал еткендігі дәлелденді деп есептейді», — делінген банк хабарламасында.

Банкте хабарлағандай, сот құжаттарына сәйкес ұрланған қаражаттар Швейцариядағы және Люксембургтегі қаржы делдалдарының, сондай-ақ оффшорлы компаниялардың шоттарына аударылған және одан әрі Швейцария, Люксембург, Лихтенштейн, Франция, Нидерланд пен АҚШ-та активтерді сатып алуға жұмсалған.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!