Биыл ауыл шаруашылығына 170 миллиард теңге инвестиция тартылады

21:46, 17 ақпан 2017

Жалпы біз өзімізді аграрлық мемлекет қатарына жатқызамыз. Бірақ дүкенге барсаң, сөредегі жылтыратып орап қойған шетелдің тауарынан көз сүрінеді. Кейбір ауыл шаруашылығы өнімдерінің 97 пайызын біз шетелден алып келеді екенбіз. Алдағы бес жылға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы өз өнімдеріміздің бәсін өсіруді көздейді.

Әбдез Рахманұлы, тілші:

Саланы білетін мамандар біздің агроөнеркәсіптік кешеніміздің алдында ірі 4 кедергі бар деп санайды. Ең біріншісі, өндірген өнімін өткізе алмай қиналады. Екіншісі, ауыл шаруашылығына қызмет көрсететін жүйенің кенжелеп қалғаны. 

Сосын несие қолжетімді емес. Соңғысы жаңа технологиялар туралы ақпараттың аздығы да бар. Бұл жерде технологияның бар түрі меңзеліп тұр. Ол – озық техника, жетілген басқару жүйесі. Осыларды ретке келтірмей дүкен сөрелеріндегі отандық тауардың орнына шетелдікін сатып алғаның алған. Мәселені шешу үшін алдымен оны терең түсініп алу керек. Біз сол мәселелерді талдап көрелік. Қазақстанда 1 миллион 600 мыңнан аса шаруашылық бар. Арасында ұсағы көп. Тауарын өткізетін бір ғана жерді біледі. Ол – базарға барып сату немесе аяқтай жүріп дүкендерге өткізу. Сол түсінігінен әлі алысқа кете қойған жоқ. Кең нарыққа шығуға шамасы келмейді.

Төлеутай Рахымбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі:

-Біздің шаруалардың менталитетін өзгерту керек. Базар мен ауқымы кең нарық екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Ұсақ шаруаның азғантай өнімі жиналып, өңделгенше, бірнеше қолдан өтеді. Делдалдар көп.

Егер кооперативке бірігіп, өздерінің айналасындағылардың өнімін бір жерге жинап, өңдеумен айналысатын болса, көп нәрсе өзгереді. Біріншіден, арадағы делдалдардың көбі еш қысымсыз шеттеп қалады. Екіншіден, сұраныстың талабына сай тауар шығаратын мүмкіндік туады. Қазақстан 2015 жылы 1 триллион 200 миллиард теңгеге шетелден азық-түлік сатып алған екен. Неге дүкен сөресіндегі біздің өнім өзгенікінен бір мысқал төмен тұрады, аз сатылады?

Төлеутай Рахымбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі:

-Бізде ауылдағы өнімді жинап, өңдеп, сыртқы қаптамасын тұтынушы үшін тартымды етіп шығаратын инфрақұрылым дами қоймаған. Бүгінгі тұтынушының талғамы зор. Әдемі көрінетін болған соң, шетелдікін сатып алуға құмар.

2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған бағдарлама жоғарыда көрсетілген түйіндерді тарқатуға бағытталған. Биыл ауыл шаруашылығына 170 миллиард теңге инвестиция тартылады деп болжанған. Бес жылдан соң, ол 2,5 еседен аса ұлғаяды екен.

Соның жартысына жуығы бюджеттен бөлінеді. Бұл – мемлекеттің ауыл шаруашылығына, ауылда тұратын ағайынға деген ықыласы, көмегі. Солар нарықтан шет қалып қалмауы үшін жасап жатқан тірлігі. 

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!