БҒМ 40 жылдық тарихы бар кітапхананы жаппақшы

12:50, 14 қараша 2019
451

Алматы. 14 қараша. 7kun.kz — Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі ҚР БҒМ-нің республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасын жабуды жоспарлап отыр. Осыған байланысты бүгін аталған кітапхана қызметкерлері БАҚ-на хат жолдап, көмек сұрады.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының 40 жылға жуық тарихы бар, республикадағы жалғыз педагогикалық профильдегі кітапхана болып есептелінеді.

«Өркениетті елдер кітапхана ашып, өркендеп жатса, бізде керісінше, ерекше педагогикалық қоры бар, Қазақстан білім саласы кітапханаларының (мектеп, колледж, ЖОО) әдістеме орталығы болып отырған, жүйелі түрде бүкіл республикаға жұмыс істеп, жыл сайын кітапханашылардың біліктілігін жетілдіру курстарын өз базамызда да, облыстарға да шығып өткізіп келе жатқан, электрондық қоры бар, ғылыми-әдістеме жұмыстарымен айналысып келе жатқан ғылыми-педагогикалық КІТАПХАНАНЫ ЖАБАМЫЗ дейді», — делінген кітапхана қызметкерлерінің хатында.

Олардың ақпаратына сәйкес, министрлік кітапхананы жабу қаржы мәселесімен байланысты екенін айтқан. Ал кітапханада қазір таңда 35 жоғары дәрежілі қызметкер жұмыс істейді.

«Осы уақытқа дейін бірде-бір министрге республикадағы жалғыз педагогикалық кітапхананы жабу туралы ой келмеп еді. Егер олай болатын болса, республикадағы білім саласы кітапханалары әдістеме орталығынсыз, оқырмандар педагогикалық кітапханасыз, 35 жоғары дәрежелі білімді де білікті мамандар жұмыссыз қалады», — дейді кітапханашылар.

«Кітапханалардың жабылуына жол бермеуіміз керек. Ол болашақ ұрпаққа керек. Көп болып, азаматтық позиция танытып, атсалысайық, ағайын! Сіздер бізге қолдау көрсетіп, көмек қолын ұсынады деп сенеміз!», — деп көмек сұрады олар.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!