Белгілі саясаттанушы Назарбаевтың дәрежесі мен өкілеті қандай болатынын айтты

10:45, 20 наурыз 2019

Алматы. 20 наурыз. 7kun.kz – Белгілі саясаттанушы Ерлан Карин телеграмдағы арнасында Нұрсұлтан Назарбаевтың ендігі мәртебесі мен өкілеті қандай болатыны туралы жазды.

«Президент өкілеттігін тоқтатқаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент – Елбасы мәртебесіне ауысты. Бұл саяси-құқықтық мәртебе «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңымен бекітілген. Бұл заң Конституциялық екенін ерекше атап өту керек», – дейді Е. Карин

Саясаттанушының жазуынша, аталған Заң жобасы 2000 жылдың шілдесінде қабылданған. 2010 және 2017 жылдары толықтырылып, «Тұңғыш Президент» саяси және құқықтық мәртебесі Елбасы мәртбесіне жеткізілді. Заңда Президент өкілеттілігі тоқтатылғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси және құқықтық жағдайы мен кепілдіктері белгіленген.

«Осы Заңға сәйкес Тұңғыш Президент – Елбасы Қауіпсіздік Кеңесін (ҚК), Қазақстан халқы Ассамблеясын (ҚХА) басқарады, Конституциялық Кеңестің құрамына кіреді. Сонымен бірге ол ел үшін маңызды мәселелерді талқылау кезінде Парламентте және оның палаталарында, Үкімет отырыстарында сөз сөйлеуге құқылы», – дейді саясаттанушы.

Е. Карин Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттік құрылыстың, ішкі және сыртқы саясаттың, сондай-ақ елдің қауіпсіздігінің маңызды мәселелері бойынша бастамалар жасай алатынын ерекше атап өтті.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қарауы және мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарындағы бастамаларды онымен келісуі міндетті. Тұңғыш Президент – Елбасының қызметін қамтамасыз ету үшін кеңсе құрылады, ол өз міндеттерін орындауға тек Елбасының алдында ғана жауапты болады» , – деп толықтырды Ерлан Карин.

Саясаттанушының жазуынша, Нұрсұлтан Назарбаевты күзету Мемлекеттік күзет қызметінің тиісті бөлімшесіне жүктеледі. Сондай-ақ, Президенттің сайлану құқығын шектеу Тұңғыш Президент – Елбасы үшін қолданылмайды.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңда бекітілген артықшылықтардан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының Төрағасы болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, әлемдік саяси тарихтың жаңа феномені – саяси көшбасшылықтың қазақстандық моделі пайда болды» , – деді саясаттанушы.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!