Банк жабылған жағдайда 10 миллионнан асатын салымды ала-аламын ба?

17:08, 25 қаңтар 2022
2406

Менде банкте шамамен 9 миллион теңгедей ақша жатыр. Депозит мерзімсіз. Сонымен қатар мен сол банктен жалақы аламын. Егер бірдеңе бола қалса, жалақым пайыздармен қосқанда 10 миллионнан асатын болса, мен ақшаның белгілі бір бөлігін ала алмай қаламын ба?

Жауап: Теңгедегі мерзімсіз, мерзімді, сондай-ақ банк шоттары мен төлем карточкаларындағы ақшалар бойынша сақталуына кепілдік берілген жалпы шекті сома – 10 млн теңгеден аспайды. Егер сіздің банкіңіз лицензиясынан айырылып, оның салымшыларына өтемақы төлеу міндеттемесін Қор (Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры, сайты kdif.kz) өз жауапкершілігіне алатын болса, Сіз 10 млн теңгеге дейінгі ақшаны, банкіңіз лицензиясынан айырылған күннен бастап 35 жұмыс күні ішінде ала аласыз.

Ал 10 млн теңгеден асатын артық ақшаны қалай алуға болады? Оны төлеу міндеті Қорға емес, банкті тарату комиссиясына жүктеледі. Бұл таратылатын банктің активтері мен мүліктерін сатудан түскен қаражат есебінен өтеледі. Тарату комиссиясы банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні тағайындалады. Салымшылар, яғни жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер кепілдік берілген сомадан артық ақшаларын алу үшін осы тарату комиссиясына келіп өтініш береді. Өтініш беру мерзімі банкті мәжбүрлеп тарату туралы хабарландыру бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күннен бастап есептеледі және кемінде күнтізбелік 60 (алпыс) күнді құрайды. Өтініш беру тәртібі, байланыс телефондары мен мекенжай туралы хабарлама таратылатын банк пен Қор сайттарында және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.   

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!