Банк салымы: сақтандырылған сомадан артық ақшаны қалай алуға болады?

13:37, 18 қазан 2021

Егер салымшының лицензиядан айырылған банктегі депозитінде кепілдік берілген шекті сомадан артық ақшасы бар болса, бұл ақша сол таратылатын банктің активтері мен мүліктерін сатудан түскен қаражат есебінен өтеледі.

Сәйкесінше бұл міндеттеме таратылатын банктің тарату комиссиясына жүктеледі. Комиссия банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен кешіктірілмей тағайындалады. Комиссияның құрылғандығы, оның жұмыс істеу тәртібі, мекенжайы, байланыс телефондары жайлы ақпарат сол күні Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (Қор) мен таратылатын банктің сайттарында және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Салымшылар, яғни жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер (жергілікті мемлекеттік кіріс органдарында дара кәсіпкер ретінде тіркелген азаматтар) кепілдік берілген сомадан артық ақшаларын алу үшін осы комиссияға келіп өтініш береді.    

Банктің активтері мен мүліктерін сатудан түскен ақша кредиторларға жеткенінше кезекпен төленеді. Жалпы он кезектілік бар. Жеке салымшылар ақшаларын төртінші кезекпен алады. Әр кезектің талабы алдыңғы кезектің талаптары толық қанағаттандырылғаннан кейін барып орындалады.

Өтініш беру мерзімі банкті мәжбүрлеп тарату туралы хабарландыру баспасөзде жарияланған күннен бастап есептеледі және кемінде күнтізбелік 60 (алпыс) күнді құрайды. Салымшының талабын тарату комиссиясы оны алған күннен бастап күнтізбелік 14 (он төрт) күн ішінде қарайды.

Егер салымшы аталған мерзім ішінде қандай да бір себептермен өтініш бере алмаса, алаңдамай-ақ қойса болады. Өйткені тарату комиссиясы жеке тұлғалардың банк шоттарындағы кепілдік берілген сомадан артық ақшаларын кредиторлар талаптарының тізіліміне өзі енгізеді. Сөйтіп әрбір жеке тұлға-кредиторға, оның талаптарын қанағаттандыру бойынша кезектілікті көрсете отырып, жазбаша түрде хабарлама жібереді. 

Төлем кезегі келген кезде өзіне тиесілі соманы қандай да бір себеппен алуға мүмкіндігі болмаған салымшының ақшасы Қазақстан Республикасының азаматық заңнамасында көзделген тәртіппен нотариустың депозитіне аударылады. Әрі қарай салымшы немесе оның заңды өкілі тиісті соманы осы нотариус арқылы алады.   

Кредиторлардың (салымшылардың) талаптары олардың келісімімен Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін тәсілдермен, оның ішінде ақшалай нысанда және (немесе) мүлікті заттай беру арқылы қанағаттандырылуы мүмкін.

Айта кетелік, шетел валютасында ашылған депозит бойынша кепілдік берілген шекті сомадан артық ақша банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні белгіленген Ұлттық Банктің ресми айырбас бағамы бойынша теңгемен есептеліп төленеді.  

Бір кезектегі кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру барысында банктің ақшасы және (немесе) өзге де мүлкі осы кезектегі кредиторлардың арасында қанағаттандырылуға тиісті талаптар сомасына сәйкестендіріліп, бір мезгілде үлестіріледі.

Қор құрылған 1999 жылдан бері елімізде барлығы 10 екінші деңгейдегі банк лицензиясынан айырылды. Барлығы Қазақстанның депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктер. Солардың ішінде 2005 жылы таратылу үдерісіне енгізілген «Наурыз банк Қазақстан» АҚ 2019 жылы түпкілікті таратылды. Соған байланысты 2020 жылдың 28 наурызында оның салымшыларына кепілдік берілген өтем төлеу толығымен тоқтатылды. Қалған банктерде таратылу үдерісі әлі де жүріп жатыр. Бірқатар банктердің салымшылары өздеріне тиесілі өтемді алу үшін агент банкке, басқалары тікелей Қорға жүгінеді. Агент банк қызметін атқаратын банктер өтемді Қордың атынан және есебінен төлейді және олардың тізімі Қордың kdif.kz ресми сайтында қолжетімді.

Қазір тарату комиссиялары бойынша соңғы мәліметтер төмендегідей:

Кестеге қарап, салымшылардың кепілдік берілген шекті сомадан артық ақшаларын алулары үшін айлап, жылдап күтулеріне тура келетіндігін көруге болады. Оның өзінде ақшаның жететіндігіне кепілдік жоқ. Өйткені банктің активтері мен мүліктерін сатудан түскен қаражат кезекте тұрғандардың барлығына жетпеуі мүмкін. Сондықтан салымшыларға айтарымыз, депозиттегі ақша сыйақысымен есептегенде сол депозит бойынша кепілдік берілген шекті сомадан аспағаны жөн. Егер асатын болса, артық ақшаны басқа шотқа немесе басқа банктегі депозитке бөліп салған дұрыс.

Мақаланы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсынды.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!