АзияКредит Банктегі депозитімді қалай алсам болады?

21:07, 3 маусым 2021
2713

Мен таяуда шетелден келдім. Ұзақ уақыт іссапарда болып едім. АзияКредит Банктің лицензиясынан айырылып, таратылып жатқандығын естідім. Онда депозитім бар еді. Енді соны қалай алсам болады?   

Жауап: «АзияКредит Банк» АҚ 2021 жылдың 11 ақпанындағы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің шешімімен барлық банк операцияларын жүргізуге берілген лицензиядан айырылды. Аталмыш банк Қазақстанның депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы. Яғни, жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің осы банктегі салымдарында, ағымдағы шоттары мен төлем карталарында жатқан ақшаларының сақталуына Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры кепілдік береді. Сондықтан «АзияКредит Банк» АҚ салымшыларына агент банк ретінде таңдап алынған отандық банк арқылы өтем төлеу биыл — 2021 жылдың 24 ақпанында басталды. Ол алдағы — 2022 жылдың 1 мамырына дейін жалғасады. Осы мерзім ішінде АзияКредит Банктің салымшылары осы агент банктің кез келген филиалына немесе бөлімшесіне барып, төлем алуға өтініш бере алады. Өтініш бланкісін тікелей агент банктен алуға немесе Қордың сайтынан жүктеп алып, алдын ала толтыруға болады. Бұл жерде бөлімшеге барып, бекерден бекер кезекке тұрмас үшін, агент банктің сайтына кіріп, сол бөлімшеге адамдардың келу жиілігін алдын ала біліп алуға мүмкіндік бар.

Салымшылар агент банкке жеке бастарын куәландыратын құжаттарымен барулары тиіс. Егер салымшының орнына басқа адам (сенім білдірілген тұлға, мұрагер, басқа да құқық иеленушілер) өтініш беретін болса, қосымша тиісті құжаттар ұсынылады. Мысалы: нотариус куәландырған мұрагерлік құқығы туралы куәлік, сенімхат немесе басқа да құқық белгілеуші құжаттар.

Салымшылар өтем ақшаларын агент банктің кассасынан қолма-қол ақшамен, сол банкте депозит ашуға немесе басқа банкке аудару арқылы алуға құқылы. Бұдан басқа агент банк COVID-19 коронавирусының таралуына жол бермеу және кезекке тұруды азайту мақсатында өтем сомасын тексеру, өтем алуға өтініш беру және өтем төлеу бойынша қызметтерді қашықтан, яғни өзінің сайты арқылы жүзеге асыруда.

Агент банктің барлық қалалардағы филиалдары мен бөлімшелерінің мекенжайлары және жұмыс істеу тәртібі оның ресми сайтында және банктің анықтама қызметінде мына телефон нөмірлері арқылы қолжетімді: +7 (727) 332 77 22, +7 (771) 000 7722, +7 (700) 000 7722, +7 (702) 010 7722.

Депозиттерінде Қор тарапынан сақталуына кепілдік берілген сомадан артық қалған ақшаларын алу үшін салымшылар, банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген соң, АзияКредит Банктің тарату комиссиясына өтініш беруге құқылы.

Банк салымы бойынша кепілдік өтемді алу жайында толығырақ Қордың сайтынан біле аласыз.


Жауапты «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ ұсынды.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!