Астанада алғаш рет «Қазақстан музейі: жаһандану және ақпараттандыру дәуіріндегі идеялар мен шындықтар» кәсіби сессиясы өтеді

15:43, 21 ақпан 2019
585

Алматы. 21 ақпан. 7kun.kz – Астанада 25 ақпан күні, сағат 10.00-де Елбасы кітапханасының музейінде (Бейбітшілік к-сі, 11) «Қазақстан музейі: жаһандану және ақпараттандыру дәуіріндегі идеялар мен шындықтар»  кәсіби сессиясы ұйымдастырылады.

Сессияға 120 мыңнан астам адам, оның ішінде мәдениет басқармасы өкілдері, облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық музей мекемелерінің басшылары, музей саласының сақтаушылары, реставраторлары, өзге де мамандары қатысады.

 «Open Space» үлгісінде өтетін іс-шараның көмегімен қатысушылар музей саласының инновациялық технологиялары мен қор ізденісінде қолданылатын ақпараттық ресурстармен танысып қана қоймай, кәсіби пікірлерін ортаға сала алады.

 «Ұлы даланың жеті қыры» атты Елбасы мақаласы бабаларымыздың сан ғасырлық мәдени мұрасын сақтау мен зерттеудің маңыздылығын, ақпараттық өркениет заманындағы олардың қажеттілігін баяндады. Ұлттық тарихымызды жан-жақты әрі жүйелі түрде зерттеу сұранысы тарихи-мәдени мұраны сақтап, ғылыми жүйеге келтіретін салалардың мамандарын, әсіресе музей және архив мекемелерінің қызметкерлерін жоғары деңгейде ынталандырып отыр.

Тәуелсіздік дәуірінің бірегей тарихи мұрасы, Мемлекет басшысының жеке қоры шоғырланған мекеме ретінде Елбасы кітапханасы «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында Қазақстанның бір қатар өңірінде музей, архив, кітапхана салаларының мамандарына арналған кәсіби сессия өткізуді жалғастыруда. «Ұлы даланың жеті қыры» атты Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында белгіленгендей,  тарихи артефактілерді зерттеу мен насихаттаудың әдістері музей мекемелерінің дәстүрлі, инновациялық, классикалық, заманауи мақсаттарына негізделеді.

Сандық жүйеге көшу дәуірінде музей жинақтарының ақпараттық әлеуетін бағаламау мүмкін емес.  Музейлер заманауи технологиялар мен бағдарламаларды қолдана отырып, өзіндік мәдени ақпараттық кеңістік қалыптастырады. Музей саласында ақпараттық технологияларды енгізу үрдісі жәдігермен жұмыс жасау әдістерін өзгертіп қана қоймай, музей жинағын зерттеу мен насихаттау сапасына да әсер етеді.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!