Артық қылам деп… 

10:00, 18 сәуір 2018
428

«Жұмыс берушілер құжаттарымды пайдаланып, несие рәсімдеген», – дейді ақтөбелік келіншек.

Ақтөбелік Венера Құдайбергенованы жұмысқа алудың орнына, беймәлім алаяқтар оның құжаттарын пайдаланып, атына несие рәсімдеп жіберген. Жергілікті «Эврика» газетіне шағымданған ол коллекторлардың жалғызбасты әйелден енді 700 мың теңге талап етіп жүргенін айтады. Бұл ақша – оған белгісіз бір қарыздың он ай ішінде жиналған сомасы.  

Келіншек мұндай алаяқтықтың мысалында өзгелердің жіті болғанын қалайды. Былтыр мамырда Венера «Оlx» сайтына жұмыс іздейтінін жариялайды. Оған өзін Марат деп таныстырған бір кісі хабарласып, компаниясы курьерлік қызмет ұсынатынын айтады. Венераға жұмыс ұсынып, пошта, сәлемдеме қабылдап алып, фирма айтқан жаққа жолдау керек дейді. Әрбір жолданған сайын келіншек 2000 тг-дей алуы керек-мыс.
«Көңілім толды, тым жақсы жұмыс екен деп ойладым», – дейді Венера. – «Уақытты көп алмайды, ақысы жаман емес. Баланы жалғыз бағып отырмын, пәтер жалдап тұрамын. Тұрақты жұмыс керек еді. Келістім. Ол төлқұжатымның фотосын және мекенжай анықтамасын жіберуді сұрады. Жұмысқа рәсімдеу үшін». 

Келіншек кейін бірінші тапсырмасын алады: «Қазпоштаға» барып, атына келген 50 мың теңгені біреудің «киви-әмиянына» жібереді. Бір күні оған коллекторлар хабарласып, Алматыдағы бір жеке фирмаға 700 мың теңге берешек екенін айтады.  

Венера: «ХҚКО арқылы тексерсем, шынымен мен құжаттар жіберген 12 мамыр күні атыма несие рәсімдеп қойыпты. Бірақ менің келісімімсіз қалай істеуге болады оны? Бізде осылай оңай орға жығып кетуге бола ма? Құжат суреті арқылы біреудің атына несие алуға бола ма?».

Келіншек полицияға жүгінгенде, оған онлайн-алаяқтар көп екенін түсіндіріпті. Мұндай оқиға бірнеше рет тіркелген екен.

Венера: «Бәрінен де несие тарихымның бүлінгені өкінішті. Тігін машинасын алайын деп едім, тапсырысқа тігіп, ақша тауып… Енді маған тіпті баланың еміне де несие бермейді».

Ол онлайн-несиемен айналысатын ЖШС бірінші төленбеген айда-ақ неліктен хабарласпағанын түсінбей дал. Сома 650 мың болғанда бір-ақ хабарласқаны…

«Коллекторлар сотқа береміз дегенмен, мен оларды сотқа беруге дайынмын. Мені кім алдағанын білмеймін, мүмкін жаңағы фирманың да қатысы бар шығар?» 

Әлгі фирманы интернеттен оңай табуға болады. Кәмелетке жеткен ҚР азаматтары үшін онлайн-несие ұсынады екен. Ол үшін клиенттің «жеке кабинетін» ашып, анкета түрінде өтініш толтыру қажет. Сосын құжат деректерін енгізіп, смс-код енгізіп, келісімшартқа қол қою керек. Несие сомасы банк есебіне 3 күнде түседі. Бұдан кез келген біреу басқа адамның атына несие алып кетуге болатынын көруге болады. Жұмыста сынақ мерзімінде жүрмін деп ойлаған аңқау келіншектің алаяқтар торына неліктен оңай түсіп қалғаны да түсінікті.  

Дереккөз: rikatv.kz

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!