Алматыда қала күніне орай спартакиада өтті

20:28, 24 қыркүйек 2022
6635

Алматы. 24 қыркүйек. 7kun.kz — Жыл сайын қыркүйектің үшінші жексенбісінде Алматыда қала күні тойланып, түрлі мерекелік іс-шаралар өтеді. Бүгін мерекеге орай «Ұлттық мұра» бағдарламасы мен қалалық дін істері Басқармасының ұйытқы болуымен кезекті спартакиада ұйымдастырылды, деп хабарлайды 7kun.kz.

Соңғы жылдары қала халқы спартакиаданы тағатсыздана тосып, спорттық шараға қызығушылықпен қатысатын болды. Биыл да бұл мереке жоғарғы деңгейде ұйымдастырылып, келушілерге ерекше әсер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Нұр-Мүбәрак» Мысыр ислам мәдениеті университетінде өткен спорттық шарада қатысушылар арқан тарту, асық ату, армрестлинг, қошқар көтеру, гір тасын көтеру және тоғызқұмалақ секілді спорт түрлерінен бақ сынады.

Әдеттегідей көпшілік назарын өзіне аударған – Қошқар көтеру сайысы болды. Өйткені жарыстың шарты бойынша бәске тігілген қошқарлар жеңімпаздың жетегінде кетеді. Жүлдеге екі бірдей қошқар тігіліп, алғашқы топта Бауыржан Әбдіқайым жеңімпаз атанды. Ол 2 минут ішінде қошқарды 71 рет көтерді. Ал екінші қошқар Есалы Абдуллаевқа бұйырды. Ол тіпті 80 рет көтеріп, өзіндік рекорд жасады.

Арқан тартушылар сайысында ұйымшылдық танытқан «Қастер» тобының апайтөс жігіттері топ жарды. Білекті жігіттердің бәсекесі – армрестлингте Абзал Пірімбек қарсылас шақ келтірмей, тұғыр биігінен көрінді.

Асық атуда ұлттық спортымызды мықты меңгерген Азамат Абдуллаев мергендік танытып, бас жүлдені иеленді.

Гір тасын көтерген білекті жігіттер де көпшілікті тамсандырды. 16 келілік екі тасты қос иығына салып алып, 161 рет әуелеткен Михаил Фомичев бас жүлдені жеңіп алды. Азамат Сембаев екінші болса, Мағжан Бәжен жүлделі үштіктен көрінді.

Қазақтың ұлттық зияткерлік ойыны тоғызқұмалақ сайысы да тартысты болды. Финалда Жарқын Ақтілек пен Мәди Бекболатов кездесіп, тамаша тактикалық ойын-өрнегін көрсеткен Жарқын Ақтілек жеңіске жетті.

«Негізі адамдар екі нәрсенің қадірін білмейді – дейді. Ол – денсаулық және уақыт. Сол себепті уақытпен де денсаулықпен де тығыз байланысты болса екен деген оймен Нұр –Мүбәрәк мешітіне жұма намазға келушілер көбірек қатысып, спортқа қызығушылығы артса деген оймен дәл осы жұма намаздан кейін өткізіп отырмыз. Қала күніне орай биыл төртінші жыл қатарынан өткізіп отырған спорттық шарамыз. Бастысы осындай игі шаралар арқылы елдің руханияты көтеріліп, мешіт жамағатының бірлігі нығая түседі» — дейді «Ұлттық мұра» бағдарламасының менеджері Алия Шайхан.

Спартакиада соңынан жеңімпаздар мен жүлдегерлер  ұйымдастырушылар тағайындаған бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, әрбір қатысушы әйгілі Алматының апортынан дәм татып, тамсана тарқасты.  

Спартакиаданың негізгі мақсаты — мешіт жамағаты арасында дене шынықтыру мен спортты, салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар исламның дәстүрлі емес ағымының жетегінде жүрген жандарға асыл діннің оң жолын көрсету. Дәстүрлі діндер арасындағы ауызбірлік пен татулықты, тыныштық пен тұрақтылықты, бейбітшілік пен ынтымақты дәріптеу.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!