Алмасадам Сатқалиев: «Самұрық-Қазына» пандемияның ықтимал екінші толқынына төтеп беруге дайын

16:16, 7 қазан 2020
3737

Соңғы уақытта шетелде, әсіресе Еуропа елдерінде коронавирустың қайта таралуы байқалып отыр. Сондықтан «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жағдайды бақылауда ұстау үшін бірнеше нұсқасы бар кешенді жоспар әзірледі.

Әлемді жайлаған пандемияның бірінші толқыны кезінде Қорға қарасты ірі кәсіпорындардың қуаттылығы, өнімділігі мен қызметкерлер саны азайған жоқ. Басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің тікелей жетекшілігімен құрылған жедел штаб қалыптасқан және болуы мүмкін жағдайларға қатысты дереу әрекет етті.

Пандемияның бірінші толқыны кезінде елімізде жолаушылар тасымалы тоқтағаны белгілі. Бұл өз кезегінде теміржол мен әуе көліктері арқылы қатынау көрсеткішінің төмендеуіне әсер етті. Биылғы 8 ай ішінде жолаушы ағыны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 55% азайған. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ активтерді басқару және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Алмасадам Сатқалиев брифинг барысында атап өткендей,  пандемияның бірінші толқыны кезінде «Air Astana» компаниясының шығыны шамамен 38 млрд теңгені, «Kazakh Air» шығыны 10 млрд теңгені құрады.

«Бірақ мұндай өзгерістер қызмет көрсету сапасы мен қызметкерлердің санына кері әсерін тигізген жоқ. Үкімет субсидияны уақытылы беріп, бірқатар салық түрі бойынша жеңілдік жасауының нәтижесінде бүгінде қаржылық жағдай тұрақты. Есесіне контейнер арқылы жүк тасымалдау, басқа бағыттар бойынша өсім бар», — деді Алмасадам Майданұлы.

Бүгінде «Самұрық-Қазына» пандемияның болуы мүмкін екінші толқыны кезінде жұмыс істеуге сақадай сай. Қаржы қорын жасақтау, тауарлардың тұрақты жеткізілу жоспары пысықталды. Сонымен қатар портфельдік компаниялардың кәсіпорындары және мердігерлік емдеу мекемелерінің медициналық жәрдем көрсету жөніндегі іс-қимылдары толығымен дайындалды.

Алмасадам Сатқалиев бүгінгі күнгі негізгі міндет — өндірісті тоқтатпау, қызметкерлерге жалақыны уақытылы төлеу және өндірістік персоналдың денсаулығын сақтау екенін айтты. Себебі «Самұрық-Қазына» қорының құрамындағы кәсіпорындар халыққа жылу, жарық, байланыс, жолаушылар тасымалы, пошта қызметі сынды маңызды салаларда қызмет көрсетіп отыр.

«Өндірістік қызметті қолдау, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және басқарудың ең тиімді құрылымын сақтау мақсатында маңызды бизнес-процестердің тізімі анықталды. Өндіріс орындарының жұмысына минималды түрде әсер ете отырып, тиімділікті көрсеткен А, В, С жоспарларының алгоритмдері жасалды. Соған сәйкес, А жоспары коронавирус инфекциясы таралуының алдын алуды көздейді. Аймақта эпидемиологиялық жағдай нашарлаған жағдайда В жоспары жүзеге асады. Ал компанияда немесе өндірістік нысандарда қауіпті індетке шалдығу жағдайы тіркелсе, С жоспарында қарастырылған шаралар қолға алынады», — деді А.Сатқалиев.

Алмасадам Майданұлы сөз соңында COVID-19-дың  алдын алу бойынша шаралар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің нұсқамаларына сәйкес жүргізілетінін және ақпараттық науқанның алда да жалғасын табатынын айтты.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!