100 жедел жәрдем көлігі, 1000 оттегі концентраты: «Самұрық-Қазына» пандемиямен күресуге көмек көрсетуде

16:58, 20 шілде 2020

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Қазақстанда өршіп тұрған коронавирус инфекциясымен және пневмония дертімен күресу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне қажетті құрал-жабдықтар мен дәрі түрінде  көмек көрсетуде, деп хабарлайды 7kun.kz тілшісі. 

Тиісті келісімге Қор басшысы Ахметжан Есімов пен Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қол қойды 

Бүгін 20 шілде күні онлайн-конференция барысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен еліміздің денсаулық сақтау министрлігі COVID-2019 пандемиясымен күрес саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 

Осы  құжат аясында «Самұрық-Қазына» қоры 100 жедел жәрдем көлігін, 1000 оттегі концентратын, 50 өкпені жасанды желдету аппаратын, 1000 пульс өлшеу құралы мен 3000 дана «Авифавир» дәрісін сатып алып, оларды Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырды. Жалпы Самұрық-Қазына» қоры елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап коронавируспен күреске белсенді түрде атсалысуда. 

Айта кетейік, қазір коронавирус инфекциясының өршуі мен елдегі пневмония дертінің көп тіркелуіне байланысты, денсаулық сақтау саласындағы мекемелерде дәл осы аппараттардың тапшылығы бар. Ал, «Авифавир»  дәрісі болса, әлем бойынша COVID-2019 вирусын емдеудегі ең тиімді екі дәрінің бірі болып мойындалған. 

Бұл  дәріні «Самұрық-Қазына» қоры «Ресейдің тікелей инвестициялар қорының басқарушы компаниясы» АҚ-нан сатып алғанын айта кету керек. Онлайн-конференцияда сөз алған Қор төрағасы Ахметжан Есімов ресейлік компанияның басшысы Кирилл Дмитриевке аппараттарды сатып алуда қол ұшын созғаны үшін алғыс айтты. 

«Жалпы, бұл шаралардың барлығын Президен Қасым-Жомарт Тоқаев қолдаған болатын. Өздеріңіз білетіндей, жуырда Елбасымен де кездесіп, ол Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында екі медициналық орталық салу үшін Қордың ішкі резервінен тиісті қаражат бөлуді тапсырған болатын. Біз ол бағыттағы жұмысты бастап кеттік», — дейді Ахмтежан Есімов. 

Сондай-ақ, қор басшысы кездесуді пайдалана отырып, Денсаулық сақтау министрлігіне осы екі орталықтың техникалық тапсырысын алуды, ал әкімдерге  тиісті коммуникациясы бар жер телімдерін ұсынуды жылдамдату қажеттігін жеткізді. 

Өз кезегінде, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой әлеуметтік жауапкершілікті танытып, ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға зор үлес қосқан «Самұрық-Қазына» қоры мен оның басшылығына зор алғысын білдірді. 

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!