1 млн транзиттік авиажолаушылар Қазақстан арқылы тасымалданады

10:10, 22 қазан 2019

Алматы. 22 қазан. 7kun.kz — Бір миллион транзиттік авиажолаушылар 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан арқылы тасымалданады, деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

«Контейнерлердің жалпы транзиті үш есе өсті – 271 мыңнан 825 мың контейнерге дейін. Транзиттен түскен табыс 4,3 есе – 180 млрд теңгеден 782 млрд теңгеге дейін өсті. Жүк тасымалы транзитінің көлемі 1,5 есеге – 1,3 млн тоннадан 1,8 млн тоннаға дейін өсті. Транзиттік авиажолаушылар саны төрт есеге артып, жылдың соңына дейін бір миллион транзиттік жолаушыларды жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деді ол Үкімет отырысында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы мен 2020-2025 жылдарға арналған жобаны жүзеге асырудың аралық қорытындыларын ұсына отырып.

Оның айтуынша, елдің ЖІӨ-дегі көлік үлесі 7,9%-дан 8,2%-ға дейін өсті.

«Осы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 8,3%-ды құрайды. 400 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Еңбек өнімділігі 1,7 есеге – бір адамға 5,1 млн теңгеден 8,7 млн теңгеге дейін өсті», – деді Атамқұлов.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!