ТМД аумағында ұрланған автокөліктерді табу жеңілдейді

13:08, 18 наурыз 2021

© Сурет: Е.Үкібаев

Сенаторлар автокөлік ұрлығымен күрес жөніндегі Хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды zakon.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұдан былай отандық полицейлерге ТМД аумағындағы автокөлік ұрлығымен күрес жұмыстары жеңілдейді. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында депутаттар "2005 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заңды қарап, қабылдады.

Бұл келісім ТМД елдерінің аумағында тіркеуден шығарылған және апатқа ұшыраған автокөліктер туралы мәліметтер жарияланатын деректердің ақпараттық базасының жұмысын қолдауды көздейді. Мәліметтермен жедел алмасу тәжірибесі Достастыққа мүше мемлекеттердің автокөлік ұрлығымен күрес және оларды қайтару жұмыстарында бірлесіп, белсенді әрекет етуге мүмкіндік береді.

Отырыс барысында қаралған заң жобаларының бірі тауар белгілеріне патент алу, қызмет көрсету белгілері және тауар шығарылған жерлердің атауларына қатысты болды. Бұл жөніндегі нормалар бүгін қабылданған "Еуразиялық экономикалық одақтың тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы шартты ратификациялау туралы" заңда жазылған.

Осы заң арқылы енді қазақстандықтарға ЕАЭО елдері аумағында жұмыс істеу үшін патент алу рәсімі жеңілдейді. Ол үшін азаматтар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бірінің патент беретін ведомствосына жүгінсе жеткілікті. Осылайша Экономикалық Одақ аумағында өз тауар белгісін қорғауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, жаңа нормалар ЕАЭО нарығына арналған отандық тауар өндірушілердің құқықтарын қорғау деңгейін арттыра түседі.

Сонымен қатар бүгін сенаторлар "Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы" заңды қарап, қабылдады. Бұл құжат арқылы сотталған адамдарды әрі қарай жазасын өз елінде өтеу үшін беруге мүмкіндік туаады.

Ал "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы" заң 2024 жылдан бастап темекі өнімдеріне акциздердің индикативтік мөлшерлемесін қолдануды қарастырады. Мұндай норма ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында темекі өнімдерінің акциздеріне салық салуда бірыңғай тәжірибені қолдануды қамтамасыз етеді.

Одан бөлек, сенаторлар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бойынша келісім комиссиясының құрамын бекітті. Бұл құжат бойынша Мәжілістің пікірін қарау және келісу үшін Парламенттің келісім комиссиясының құрамына Сенаттан Сәуле Айтпаева, Андрей Лукин және Сұлтанбек Мәкежанов ұсынылды.

Отырыста сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады. Депутат Нұржан Нұрсипатов қос азаматтық мәселесін көтеріп, бұл бағыттағы шараларды жүйелеу керектігін айтты. Ал сенатор Сергей Ершов акциздердің өсу есебінен көбейген салық түсімдерін халықтың әлеуметтік-осал топтарына жұмсаудың маңызы зор екенін жеткізді. Депутат Бекболат Орынбеков Тараз қаласында су тазалау құрылғыларының құрылысын жүргізу қажеттігін сөз етсе, сенатор Мұрат Бақтиярұлы Арал теңізіне қатысты мәселеге назар аударды.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!