Шымкенттің жолдарын жүк көліктері бүлдіріп жатыр

10:56, 7 маусым 2021
1793

© Сурет: estateline.ru

Биыл Шымкент қаласында 120 ауыр жүк көлігінің иесі 23 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл төлеген, деп хабарлайды zakon.kz Хабар-24-ке сілтеме жасап.

Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығындағылардың мәліметінше, тәртіпке бағынбай, асфальтты бүлдіретіндердің саны бұдан анағұрлым көп. Олар құрылыс жұмыстары сапалы жүргізілсе де, жол қатпары қатпай жатып, еңбекті еш кетіретіндерге тоқтау болмай тұрғанын айтады. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығындағы инженер мамандар "Жолдың жауы – ауы жүк көліктері. Заңмен рұқсат етілген салмақтан аттап, екі асаймын дегендердің қатары көбейді" деп отыр. Асфальттің отыруы мен жол шұңқұрларының көбеюін тәртіпсіздік пен тиымның азайғандығымен байланыстырады.

Құрас Андас, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" Шымкент қалалық филиалының инженері:

– Мысалы, өзіңіз есептеп қарасаңыз, "ХОВА" секілді үлкен жүк көліктері 25 тонна шығады деп есептесек, ол үстіне тағы қосымша 40 тонна жүк артады. Сонымен барлығы 60-65 тонна болады. Оны үшке бөлсеңіз, 21-22 тоннадан түсіп тұр. Жол салынатын болса, 10-15 жылға арналып, солардың әсерінен қазіргі таңда екі есеге жолдың сапасы қысқарды.

Қазір елімізде 500 мыңнан астам жүк көлігі тіркелген болса, оның 60 мыңы – кез келген жерде емін-еркін қатынай алатын самосвал көлігі. Тәртіпке бас имеген жүргізушілерден келген қиындықты Тассай шағын ауданындағы халық та алға тартып отыр.

Серікболсын Аралбаев, қала тұрғыны:

– Жан-жақтағы карьерлер мен әртүрлі зауыттардың ауыр жүк көліктері осы жолды бұзып жатыр. Салынғанына 5 жыл болды, бірақ 2 жылдың ішінде осы толықтай бұзылып кетті. Жүк көліктерінің кесірінен жолдың сапасы өте нашар. Күні-түні осылай өте береді, міне. Аз ғана уақыт болды жөнделгеніне. Грузовиктердің жүргенінен жол осындай боп кетті.

Ал ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері, керісінше, жол құрылысының сапасын сынға алды. 20 жылдан бері темір тұлпарды тізгіндеген олар "несібеміз көлікті жөндеуге кеткен шығыннан әрең артылады", – дейді.

Сайфулла Шабулатов, көлік жүргізушісі:

– Жолдың сапасы басынан нашар. Мысалы, бетонканы істегендеріне қанша жыл болды, 3-4 жыл болған шығар. Сапалы болса, 3 жылда тозып кетпейді ғой. Көпірлерден қазір секіріп өтесің. Бәрі бұзылып жатыр.

Көліктік бақылау инспекциясының мамандары қаладағы көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда өскенін мойындайды. Тәртіп бұзушылық пен шамадан тыс жүк артатындардың саны жағынан Шымкент республикадағы алдыңғы үштікте екен.

Марат Сұлтанбеков, Қалалық көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы:

– Біздің Шымкент қаласындағы көрсеткішіміз жоғары деңгейде болып жатыр. Алдыңғы үштіктің ішіндеміз. Былтырғы 5 айдың ішінде артық салмақ бойынша 100 факт анықталған қаланың өзінде. 22 млн-ға дейін айыппұл салынған. Биылдың өзінде 5 айдың ішінде 120-дай факт анықталды.

Көрсеткіштің күрт өсуіне қадағалаушы мамандардың тапшылығы себеп болған. Енді шілде айынан бастап миллионды мегаполистегі жүк көліктері бейнекамералар арқылы бақыланады. Қала аумағына электрондық таразылар қойылады. Тәртіп бұзғандар бірыңғай базаға енгізіліп, автоматты түрде айыппұл салынады. Жаңа жүйе тәртіп бұзушылардың қатарын азайтып, өз нәтижесін береді деп сенеді мамандар.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!