Шетел нөмірлі көлік мінгендер ақылы жолдармен тегін жүр

15:17, 20 мамыр 2021
2066

© Сурет: caravan.kz

Қазақстанда ақылы жолдардан жиналатын ақша көлемі жыл өткен сайын артып келеді. 2020 жылы автокөлік иелері оған жалпы сомасы 5,7 миллиард теңге төлеген. Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылы бұл көрсеткіш 5,4 миллиард теңгені құраған-тын. "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұловтың дерегінше, әсіресе "Нұр-Сұлтан–Теміртау" және "Алматы–Қорғас" телімдерінен жиналатын қаражат көлемі қомақты өскен, деп жазады inbusiness.kz.

Коронавирус пандемиясына қарамастан, былтыр ақылы учаскелерде қозғалыс қарқыны артты. Алдын ала деректер бойынша 2020 жылы ақылы учаскелер бойынша алымдар сомасы келесідей болды: "Нұр-Сұлтан–Щучинск" (ұзындығы 211 шақырым) – 1 672 483 469 теңге, "Нұр-Сұлтан–Теміртау" (134 км) – 1 913 844 226 теңге, "Алматы–Қорғас" (295 км) – 1 121 587 939 теңге, "Алматы–Қапшағай" (41 км) – 1 038 653 867 теңге. Жалпы алғанда, 4 учаскеден 5 миллиард 746 миллион 569,5 мың теңге түсті, – деді журналистерге Т.Смағұлов.

Ұлттық компания 2019 жылы осы 4 ақылы жолдан 5 млрд 388 миллион 981,4 мың теңге "терген" болатын. Атап айтқанда, "Нұр-Сұлтан–Щучинск" трассасынан – 1 699 631 710 теңге, "Нұр-Сұлтан–Теміртаудан" – 1 728 907 524 теңге, "Алматы–Қорғастан" – 988 064 625 теңге, "Алматы–Қапшағайдан" – 972 377 515 теңге жинады.

Республикадағы ең алғашқы ақылы жол – "Астана–Щучинск" 2013 жылы пайда болды. Ал қалған 3 телім 2019 жылы енгізілген. Осылайша, былтыр ақылы жолдардың жалпы ұзындығы 682 шақырымға жетті.

Алдағы маусым айында тағы 18 учаске ақылы жүйеге ауысады. Олардың жалпы ұзындығы 5,8 мың шақырымды құрамақ. Бұлар – "Шымкент–Өзбекстан шекарасы", "Орал–Ресей Федерациясының шекарасы (Саратов)", "Орал–Ресей шекарасы (Самара)", "Ресей шекарасы (Орынбор)–Ақтөбе", "Щучинск–Петропавл", "Шымкент–Қызылорда", "Шымкент–Тараз", "Тараз–Қайнар", "Қапшағай–Талдықорған", "Қарабұтақ–Қызылорда", "Ақтөбе–Орал", "Атырау–Бейнеу–Өзбекстан шекарасы", "Ақтау–Бейнеу", "Қостанай–Ресей шекарасы (Троицк)", "Нұр-Сұлтан–Қостанай", "Павлодар–Ресей шекарасы (Омбы)", "Нұр-Сұлтан–Павлодар" және "Павлодар–Семей–Қалбатау" учаскелері.

Тұтастай алғанда, "Нұрлы жол" мембағдарламасы аясында 2025 жылға дейін елімізде 11 мың шақырым автожол ақылы жүйеге көшеді. Қандай автокөліктен қанша теңге төлемақы алынатыны, яғни тарифі әр учаскеде әрқалай, ол тас жолдың техникалық санатына да байланысты.

Ақысын қазақстандық төлейді, игілігін шетелдік көреді

Қынжылтатыны сол, осы жолдарда миллиардтаған алым басым көпшілігінде қазақстандық көлік иелерінен жиналады. Ал алыс, жақын шет елдердің көліктері, соның ішінде тіпті жаңа жол жабынғысын езіп, сау-тамтық қалдырмайтын алып жүк көліктері де ақылы учаскелердің игілігін тегін, емін-еркін көреді.

"ҚазАвтоЖолдың" Kaztoll төлем алудың электрондық жүйесінің деректеріне жүгінсек, шетелдік автокөліктер Қазақстанның барлық ақылы автомобиль жолдарына қарыз.

Ақы алу жүйесінің мәліметіне сәйкес, 2019–2020 жылдары бейрезиденттер, яғни шетелде тіркелген автокөліктер 4 ақылы жолмен ғана 27 миллион рет жүріп өткен. Нәтижесінде, қазіргі кезде олардың борышы 373 миллион теңгеге жетті.

Оның үстіне алда шетелдіктердің тегін сапарларының саны да, қарызы да тек өсе бермек. Себебі, біріншіден, ақылы жолдар саны көбейеді. Екіншіден, тек "Нұр-Сұлтан–Щучинск" автобанында шлагбаум орнатылған: ол ақысын төлемесең ашылмайды. Ал басқа ақылы жолдарда кедергісіз, "аркалы" ақы жинау жүйелері қойылуда.

Нұрлы жол бағдарламасын жүзеге асыру аясында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен "QazAvtoJol" ҰК" АҚ бірлесіп, төлем алудың "ашық жүйесін" енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл жүйенің ерекшелігі – учаскелерде шлагбаумдар болмайды. Автокөліктердің жүріп өткен жолы туралы ақпарат аркаларда орналасқан арнайы камералар арқылы тіркеледі. Төлем автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі бойынша аударылады. Сондай-ақ, төлемақы мен автокөлік туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік беретін арнайы белгілерді (RFID-белгі) жапсыру көзделген, – деп түсіндірді ұлттық компания.

Қарыз қамырдай күмпиеді

Шлагбаумның жоқтығын ішкі жүк тасымалы нарығын жаулаған Ресей, Беларусь, Қытай және басқа да шет мемлекеттердің жүк тасымалдау компаниялары өз пайдасына жаратпақ. Ал ақылы жолдар үшін миллиондап ақы төлейтін отандық жүк тасушылар, тауар өндірушілер белшеден шығынға батады, бәсекеге қабілеттілігі төмендейді.

Ашық типтегі ақы алу жүйесі енгізілгеннен кейін ақылы жолдарда ақы жинау пункті қойылмайды, ал қозғалыс ағыны тоқтаусыз болады. Бұл жағдайда ақылы жолдарда борышкерлердің қатары ұлғаюы ықтимал. Тәжірибе көрсеткендей, ақы алудың шлагбаумға құрылған жабық жүйесінің өзінде жолды пайдаланушылардың 30%-ы борышын уақтылы төлеуге енжар қарайды. Тиісінше, төлемақы алудың ашық жүйесінде борышкерлер саны 50%-ға күрт артуы мүмкін, – деп болжайды ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті.

Айта кету керек, ақылы жолдардың төлемінен жалтаратын өз азаматтарымыз да жеткілікті, бүгінде олардың саны 4 мыңға жеткен. Олар жалпы сомасы 100 млн теңге қарыз. Бірақ "ҚазАвтоЖол" қазақстандықтардан ол берешекті бәрібір өндіртіп алады. Тек шенеуніктер бұл рәсім ұзаққа созылады деп қапаланады.

Қазақстандық борышкерлер ақылы автомобиль жолдарымен жүргені үшін борышы бар екені туралы хабарламаны алғанымен, ол төлемді уақтылы және ерікті төлемейді. Тиісінше, елде біраз борыш жинақталды. Автомобиль жолдарының ұлттық операторы сотқа талап-арызбен жүгінуге және істі азаматтық тәртіппен қарау рәсімдері аяқталғанша 90 күн күтуге мәжбүр. Егер жүк автокөлігіне жүріп өту үшін төлемақы мөлшерлемесі орта есеппен 7 мың 350 теңгенің құрайтынын ескерсек, онда 30 күн ішінде 1 борышкерге 550 мың теңгедей сомада берешек қордаланады. Талап-арызды сотта қарау кезінде, яғни 1 жыл ішінде бұл борыш 3 есе ұлғаяды, – деп түсіндірді Автомобиль жолдары комитеті.

Тыйым, тыйым, тыйымдар...

Қалай болғанда, шетелдік көліктер ақылы жолдарды тегін пайдалануын жалғастыруда. Комитеттің мәліметінше, ұлттық оператордың, яғни "ҚазАвтоЖолдың" бейрезиденттерге қарызы туралы хабарламаны бағыттайтын мүмкіндігі жоқ. Өйткені олардың мекенжайын білмейді.

Бұл проблема ұлттық оператор мен жауапты уәкілетті меморгандар жүйелерінің өзара интеграцияланбауы, сондай-ақ "ҚазАвтоЖолдың" ІІМ және ҰҚК Шекара қызметі органдарымен өзара іс-қимылының жолға қойылмауынан туындап отыр. Салдарынан, бүгінде борышкерлердің басым көпшілігі ақылы жолдарда ақысын төлемей жүруде. Бұған қоса, Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің базасы өзге елдердің базаларымен интеграцияланбаған. Сонымен бірге, ақылы жолдардағы сапары үшін қордаланған қарызын өндіріп алу бөлігінде бейрезиденттермен қарым-қатынастарды реттеу шарттары ұлттық нормативтік-құқықтық актілерде қарастырылмаған. Нәтижесінде, Ұлттық оператор бейрезиденттерге ақылы жолда жүру үшін борышының бары туралы хабарламаны бағыттай алмайды, – деп назар аудартты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің комитеті.

ІІМ базасында табылмағандықтан, Қазақстан берешегі бар автокөліктердің жүргізушісі немесе иесі кім екенін анықтай алмайды.

Сондықтан "ҚазАвтоЖол" мен министрлік алда тыйымдардың тұтас топтамасын енгізуге ниетті. Біріншіден, егер ақылы жолға борышы болса, онысын өтемейінше, көлікті есептен алып тастауға не есепке қоюға рұқсат етпейді. Екіншіден, осындай қарызы бар қазақстандықтар мен шетелдіктер шекарадан асып, сыртқа шыға алмайды. Уәкілетті органның тиісті қаулысына сай кеденшілер оны кері қайтаруға міндетті болады.

Жалпы алғанда, көлік құралдарын мемлекеттік тіркеуден бас тарту, жол жүру үшін қарыз болған жағдайда көлік құралдарының Қазақстаннан тыс жерлерге шығуына тыйым салу секілді алуантүрлі жаңа тыйымдар осы салада тәртіптің орнауына ықпал етеді, – деген ұстанымын білдірді Автомобиль жолдары комитеті.

Жанат Ардақ


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір