Қызылордада сотталғандар BMW-ның бамперін шығарып жатыр

11:45, 10 маусым 2021

© Сурет: Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталғандарды қайта тәрбиелеу арқылы қолынан келгенше олардың түзу жолға түсуіне барынша ықпал жасап жүр, деп хабарлайды zakon.kz.

Бүгінде бір ғана ЗК-169/5 түзеу мекемесінің өндіріс аймағында 13 кәсіпкер жұмыс көздерін ашып, сотталғандарды жұмыспен қамтып отыр.

Мекеме әкімшілігі сотталғандарды икем дағдыларына, білімдеріне қарай жұмыспен қамтуда. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап 4 сотталғанды жұмыспен қамтыған "Ердаулет" жеке кәсіпкерлігі жеңіл автокөліктердің қосалқы бөлшектерін (бампер, салон т.б) жасап нарыққа шығаруда. Қазір сотталғандардың қолынан шыққан бөлшектерге жақын шетелдерден (Тәжікстан, Қырғызстан) тапсырыстар түсіп жатыр.

Ашылғанына 2 ай ғана болған өндіріс орнында "Mercedes-Benz", " Sprinter", BMW автокөліктерінің түріне ғана шақталған матрица бар. Матрица дегеніміз кәдімгі қалып. Автокөліктің қосалқы бөлшегі бампердің жасалу жолын сотталған азамат жіті түсіндіріп берді. Алдымен қалыпты арнайы ертіндімен жуып тазалып алып, өнімді қалыпқа құяды екен. Оның айтуынша, құйылған бамперлер мықты, карбоннан жасалғандар темірден екі есе жеңіл, төрт есе мықты дейді. Аптасына 2-3 бампер шығарамыз деп, автокөліктерінің дайын бамперлерін көрсетті. Тапсырыстарды дер кезінде жасауға тырысамыз дейді ол.

ЗК-169/5 мекемесіне кәсіпкерлерді тарту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде, бүгінде мекеменің өндірістік аймағында 13 кәсіпкер жұмыс жасап, 232 сотталғанды жұмыспен қамтып отыр. Онда сотталған азаматтар әк өндіру, нан цехы, газоблок, кірпіш, құм блоктарын өндіру, колөнер мен аяқ киім тігумен айналысады. Жуырда автокөліктердің қосалқы бөлшектерін дайындайтын өндіріс орны ашылды. Әзірге төрт сотталғанды жұмыспен қамтып отыр. Жеке кәсіпкер тарапынан басқа да автокөліктердің матрицаларына тапсырыс берілген. Тапсырыс келіп жатса, жұмысшылар санын көбейтпекші.Бұл дегеніміз жұмысқа қабілетті сотталғандарды жұмыспен қамтудың тиімді жолы, деді мекеме бастығының орынбасары әділет подполковнигі Ж.Ауешов.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!