Қытай легионер футболшылардың жалақысына шектеу қоймақ

10:16, 21 желтоқсан 2020

BBC-дің спорт бөлімін ақтарып отырып, "Қытай футбол қауымдастығы бір легионерге жылына берілетін жалақы үш миллион еуродан аспауы керек деген шектеу қойды" делінген жаңалықты көзім шалып қалды, деп жазады Марғұлан Жақып aladop.kz сайтында, деп хабарлайды zakon.kz.

Аспан асты мемлекеті де ақшаны қисынсыз шашудан шаршаған екен. Неге? Өйткені жұлдызды ойыншылардың үстінен жаудырып жатқан миллиондар ел футболының дамуына еш септігін тигізіп жатқан жоқ. Бірнеше мақаламда: "Қытай әлемдік жұлдыздарға қыруар қаржы шашқанымен, Қытай футболының дамып кеткені қанеки? Сондықтан қара домалақ қазақ баласының ойын уақыты мен қазақтың миллиондаған қаржысын қалтаға басқанды ғана білетін сапасыз легионерлерді шақыртуды қою керек!", деген едім. Ол сәтсіз тәжірибе қытайлықтардың да басына тиіп жатыр. Бірақ олар біз сияқты емес ерте қимылдап, қазірден бастап бұл істі қолға алды.

Қытай футбол қауымдастығының президенті Чэнь Сююань:

"Қытай Суперлигасы клубтарының шығыны Оңтүстік Кореяның K-лигасынан он есе, Жапонияның J-лигасынан үш есе көп, бірақ ұлттық құрамамыз олардан әлдеқайда төмен деңгейде", – деп қынжылады.

Қынжылатындай жөні бар, қынжылғаны да дұрыс. Біздің жақта қынжылатын да адам табылмай тұр. Ақшаны тек легионерге беріп қоймай, өздері де ауыз тиіп, бірақ ауыз тиіп деген жеңіл айтқаным болар. Өйткені жай ғана ауыз тисе, білдей Қазақстанның бес дүркін чемпиондары ("Ертіс") дағдарысқа ұшырап, жабылып тынбас еді.

Сонымен қатар қытайлық ойыншылар ең көп дегенде жылына бес миллион юань (629 мың еуро) жалақы алатын болады. Ал бір клуб шет елдік таланттардың айлығына жылына тек тоғыз миллион фунт стерлинг жаратуы тиіс. Егер ереже бұзылатын болса, клубтан 24 ұпай алынып тасталады деген сияқты тағы да басқа жазалары бар. Бұл ережелер 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Осы бастамалар арқылы Қытай ұлттық футболдың дамуына ерекеше көңіл бөліп, құрамаларының биік белестерден көрінгенін қалайды.

Біздің аса құрметті басшылық та шенеуніктің қалтасы емес, қазақ футболының көсегесі көгерердей шешімдер қабылдаса, нұр үстіне нұр болар еді. Құмырсқадай құжынаған сапасыз легионерлердің ақшасын ғана емес, елдегі жоғары жалақыдан бас тарта алмай, шет елге барып тәжірибе жинаудан қашатын аяқдопшыларымыздың да айлығын шорт кесу қажет. Сонда ғана футболды шын сүйетін, ақша үшін емес, елінің абыройы үшін жасыл алаңда жанын беріп ойнайтын намысшыл жігіттер шығып қалар, бәлкім. Әйтпегенде кейбірі сылтауратып, құраманың ойынына келуден қашып жүр. Ал "ұлттық құрама жейдесін кисем екен. Елімнің абыройын асқақтатсам екен", деген шын таланттар шетте қалып жатыр.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!