Арнайы дүкеннен басқа жерде көлік бөлшектерін сатуға тыйым салынады

14:28, 20 мамыр 2020
5664

ҚР Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында автокөлік құралдары ұрлығымен күрес бойынша ТМД елдерімен ықпалдасу жөніндегі келісімге түзетулерді ратификациялайтын заң жобасын талқылау барысында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев көлік бөлшектері сияқты бұрын қолданыста болған тұтыну тауарларын қабылдау мен сату саласында бақылау күшейтілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz.

- Қазір ел аумағындағы ішкі сауда-саттық бойынша біз бірқатар заңнамалық бастамалар көтердік. Былтыр маусым айында автокөлік бөлшектері тек қана арнайы дүкендерде сатылуы тиіс деген норма енгізілген. Енді біз сол арнайы дүкендер бойынша бақылауды күшейттік, деді, - Тұрғымбаев.

Оның сөзінше, бұл бизнес енді ломбард бизнесіне ұқсайтын болып кетті.

- Автокөлік бөлшегін нарыққа саудаға тапсыру үшін оны иесі өз жеке куәлігі мен бөлшек шешіп алынған автокөліктің техникалық куәлігін ұсынуы тиіс. Сонда біз нарықта қандай автобөлшек сатылатынын және оны кім өткізгенін біліп отырамыз. Екінші мәселе, жақын арада Мәжіліске азық-түлікке жатпайтын бұрын қолданылған тауарларды қабылдау мен сату заңдарын бұзу құрамын айқындайтын норма енгізіледі. Ол норма бойынша осы тәртіптерді бұзу деректеріне қатысты әкімшілік жауапкершілік көзделетін болады. Осылайша, біз елдегі бұрын қолданыста болған автокөлік бөлшектерінің нарығын заңды тәртіпке келтіреміз, деді министр.

Министр ақпараттық жүйелердің интеграциясына қатысты норма болатынын да айтты.

- Тағы бір норма – ақпараттық жүйелердің интеграциясымен байланысты. Қазір полицейлеріміздің қолында шамамен 6 мыңдай планшет бар, оған автокөліктерге қатысты барлық деректер қоры интеграцияланған. Көлік иесі кім, вин-коды, қашан сатып алынған және басқа да техникалық параметрлері. Екі айлық карантин кезеңі көрсеткендей, блок-бекеттерде біз рұқсат қағаздарды жойып, планшетпен тексердік. Деректер базасын интеграцияладық, - деді ол.

Оның сөзінше, жақын арада көлік иелеріне өзімен бірге көлік құжаттарын алып жүрмей-ақ қоюына болады. Ақпараттың бәрі базада тұрады. Тек жеке куәлікті ғана көрсету керек болады.

- Осы екі норма биыл Мәжіліске енгізіледі, - деп қорытындылады Тұрғымбаев.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!