«Алтынкөлге» енді шетелдік көліктер тікелей темір жолмен жеткізіледі

09:57, 16 ақпан 2021

Алматы облысындағы "Алтынкөл" кеден бекетіне енді шетелдік көліктер тікелей темір жолмен жеткізіледі. Бүгін Қытайдан шыққан 220 авто тиелген алғашқы вагондар келді. Бірінші кезекте көліктерді осы жолмен әкелу уақыты бұрынғымен салыстырғанда екі есеге қысқартқан, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Екі жыл жүрген келісімнің арқасында енді Жапонияның жап-жаңа көліктері Қытай арқылы Қазақстанға тікелей теміржолмен жеткізіледі. Бүгін бірінші легін қызыл лентаны кесіп қарсы алды. Осыған дейін сексен күндеп күттіріп, айналып жететін жүк жаңа тасымалдың арқасында екі есе қысқа уақытта жетеді.

Ерлан Диханбаев, Eurotransit компаниясының бас директоры:

- Бұл бағытты одан әрі дамыту керек. Көліктерден бөлек, Азияның оңтүстік-шығысында өндірілетін басқа тауарлардың да тасымалдануына жол ашу қажет. Көлік сатумен айналысатын ірі компанияның бізбен келісімге келгеніне қуаныштымыз. Жүк көлемі мен сұранысына қарай жұмысшылар санын көбейтуіміз мүмкін.

Дилер компанияның өкілдері көліктердің коммерциялық партиясын қабылдап алды. Қаңтарда Жапония зауытынан шыққан темір тұлпарлар аз уақытта Қазақстанға жетті.

Сергей Зяблов, көлік сату компаниясының бас менеджері:

- Осы жобаның арқасында көліктерді әкелу уақыты 80 күннен 35-40 күнге дейін қысқарды. Әзірге жол талғамайтын көліктерді алдыртып жатырмыз. Жаңадан ашылған Қытай бағыты енді біз сататын көліктердің жартысын тікелей темір жолмен жеткізуге мүмкіндік береді.

Көлік қабылдап алатын терминал талапқа сай жабдықталған. Енді жаңа бағыттың арқасында транзиттік-логистикалық саланың жұмысында серпін пайда болары сөзсіз.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!