Алматыда карантин кезінде 3 мың такси қызметі жұмысқа тартылды

22:03, 2 сәуір 2020

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында шаһар басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов онлайн брифинг өткізді. Брифинг барысында Ерлан Тоқтарханұлы Алматы қаласының тұрғындары үшін ең өзекті болып табылатын мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды zakon.kz.

"Қала өміріндегі ең бір сұранысқа ие көлік бұл – әрине такси екендігі белгілі. Карантин енгізілгенге дейін такси шақыртуға күніне 10 мыңнан астам өтінім қабылданса, соңғы аптада ол күрт төмендеген. Яғни шақырту 700-ге түсіп кеткен. Осыған орай Жедел штаб ең белсенді таксилерді қызметке тартып отыр. Олардың барлығы міндетті шарттарды бұлжытпай орындаулары керек", — деді Е. Қожағапанов.

Мәселен, көліктер әрбір шақыртулардан кейін залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге және бір жолаушыдан артық алмауға міндетті. Белгілі болғандай, қаладағы карантин кезінде 3 мың такси жұмысқа тартылған екен. Брифингте қойылған сауалдың бірі арақашықтықты сақтауға байланысты болды. Мәселен, егер азық-түлік супермаркеті 1 шақырым жерде орналасса, оған 10 минут уақытта жетуге бола ма деген сауал қойылды.

"Карантин жағдайында ең қолайлысы үйіңізге жақын орналасқан дүкен немесе дәріханаға бару екені даусыз. Егер сізді жаяу патрульдер тоқтата қалса, үйіңіздің маңайында дүкеннің бар-жоғын анықтайтын болады", — деді әкімнің бірінші орынбасары.

Сонымен қатар, қала тұрғындарын мазалап отырған шектеу шараларын ұзартуға байланысты шешімнің қабылдануы мүмкін бе деген сауалдың да жауабы берілді.

"Жұқпалы індеттің белең алып бара жатқанын ескеріп, шектеу шараларының ұзартылуы да мүмкін. Мәселен, Италия карантин мерзімін 13 сәуірге дейін ұзартатындығын мәлімдеді", — деді шаһар басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!