2022 жылы айыппұлдардың қаншалықты өсетіні белгілі болды

16:48, 25 тамыз 2021
1429

© Сурет: Павел Михеев / zakon.kz

Қаржы министрлігі "2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" ҚР заң жобасын дайындады. Құжатта айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылатын айлық есептік көрсеткішті (АЕК) 2022 жылы 1 қаңтардан бастап 3063 теңге көлемінде белгілеу ұсынылды, деп хабарлайды zakon.kz kolesa.kz-ке сілтеме жасап.

Қазір елде АЕК мөлшері 2917 теңгеге тең, ал келер жылы оның 5%-ға өсетіні белгілі болды. Демек соған сай айыппұл, салық, алғашқы тіркеу және утилизациялық алым сомасы да көтеріледі деген сөз.

Мысалы, Әкімшілік кодекстің 615-бабы бойынша (жаяу жүргіншілердің және жол қозғалысына өзге де қатысушылардың жол ережесі талаптарын сақтамауы) қолданылатын ең аз айыппұл — 2 АЕК 5834 теңгеден 6126 теңгеге өседі. Жүргізушілерге жылдамдықты 10-20 км/сағ асырғаны үшін салынатын 5 АЕК (Әкімшілік кодекстің 592-бабы — 14 585 теңге) айыппұл 15 315 теңгеге дейін қымбаттайды. Ал жылдамдықты 40 км/сағ немесе одан жоғары асырғаны үшін салынатын айыппұл (20 АЕК ) 58 340-тан 61 260 теңгеге көтеріледі.

Биыл шілдеден бастап 2-ден 10 АЕК-ке өскен ластаушы заттар мен шу деңгейінің белгіленген шектен асқаны үшін салынатын айыппұл мөлшері 2022 жылы 29 170 теңгеден 30 630 теңгеге артады. Рөлде отырып телефонмен сөйлескендер (5 АЕК) енді 14 585 емес, 15 315 теңге төлейді. Бағдаршамның қызыл түсіне өтсе (10 АЕК) айыппұл сомасы 29 170 емес, 30 630 теңге болады. Тұрақ ақысын төлемегендерге (3 АЕК) 8751 теңгенің орнына 9189 теңге айыппұл салынады. Жаяу жүргіншілер өткелі, жол жиегі немесе жаяу жүргіншілер жолында жүргендер (15 АЕК) төлейтін айыппұл 43 755-тен 45 945 теңгеге өседі.

Шыққанына екі жыл толмаған машиналарға төленетін бастапқы тіркеу ақысы (0.25 АЕК) 729.25-тен 765.75 теңгеге дейін жоғарылайды, ал үш жастан асқан көліктерді тіркеу үшін (500 АЕК) 1 458 500 емес, 1 531 500 теңге төлеуге тура келеді.

Утилизациялық алымның базалық мөлшерлемесі (50 АЕК) 145 850-ден 153 150 теңгеге көтеріледі. Бұған дейін елге әкелінген жеңіл көліктер үшін 437 550-ден 3 354 550 теңгеге дейін ақша жұмсалса, 2022 жылы 1 қаңтардан бастап бұл сома 459 450-ден 3 522 450 теңгеге дейінгі аралықта болады.

Сондай-ақ утилизацияға өткізілген ескі машина үшін берілетін өтемақы мөлшері де өседі. Толық жиынтықтағы машинаға енді 210 024 емес, 220 536 теңге (72 АЕК) алуға болады.

Келер жылдан бастап Қазақстанда АЕК-пен бірге көлік салығы мен міндетті сақтандыру полисінің бағасы да өседі.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір